• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2015

Еліміздің болашағын  бірге жасаймыз

547 рет
көрсетілді

Жалын жігер, жас түлек Алматы қаласында «Нұр Отан» демократиялық партиясы XVI съезінің елімізде сәуір айында өтетін кезектен тыс президент сайлауына қатысты қабылдаған шешіміне қолдау көрсету шарасы ретінде жастар флеш-моб ұйымдастырды. «Достық үйіне» жиналған белсенді жастар қатарында «Жа­расым» республикалық жастар ұйымының, Жастар саясатын дамыту орталығының, қаладағы түрлі этномәдени бірлес­тіктердің мүшелері және жоғары оқу орындарының студенттері болды. Қазақстанды мекен еткен түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық киімдерін киіп, еліміздегі бірлік пен берекенің символы ретінде қазақы Шаңырақты әуелете көтерген жастар бүгінгі қоғамның таңдауын, қазіргі қазақстандық жас ұрпақтың ниет-тілегін жаңаша мәнерде бейнелеп, «Нұр Отан» партиясының ұстанған саяси бағдары мен алған бағытына қолдау білдірді. – Биылғы жылды елімізде Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы және Ұлы Жеңісті атап өту секілді елдікті, тұрақтылық пен тыныштықты насихаттайтын айтулы мерекелермен атап өткелі отырмыз. Бүгінгі жас ұрпақ өз келешегін дамыған әрі мәдениеті мен ынтымағы жарасқан Қазақстанмен тығыз байланыстырады. Біз бастауыш партияның бүгінгі жасаған шешіміне шын ниетімізбен қолдау көрсетеміз, – дейді «Жарасым» республикалық жастар ұйымының өкілі Зульфия Тайыпова. Ел ағаларының қабылдаған шешімін қолдауға жиылған жастар бүгінде елімізде білім мен ғылымға, жас­тар саясатына, жас кәсіпкерлерді кеңінен қолдауға жасалып отырған жағдайдың кемелдігіне көңілдері толатындықтарын, Қазақстан жастарына жарқын өмір сүру үшін мүмкіндіктің мол екендігін сөз етісті. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.

Шаттық шарасы

Кезектен тыс президенттік сайлауға «Нұр Отан» партиясының Мемлекет басшысы, партия жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсынуы барша қазақстандық замандастарындай қарағандылық жастар арасында да зор қоғамдық өрлеу туғызды. Бұл шешімді ризалық сезіммен қарсы алу облыс орталығындағы «Жастар» спорт сарайында өткен флеш-мобта айрықша танылды. Жастар ұйымдарының өкілдері, өндіріс және оқу орындарының жұмысшылары мен шәкірттері «Біз Н.Ә.Назарбаевты қолдаймыз», «Еліміздің болашағын бірге жасаймыз», «Алға, Қазақстан!» деп бәрі жүрегінен шыққан ортақ үнге қосылып, көкіректерін кернеген ақ тілектерін жеткізді. – Халық қалауына орай осы таңдауды күткен едік. Өзіміз сияқты ертеңіне үміті үлкен жас мемлекетіміздің қадамын нығайтып, айқын бағытта алға бастау­шы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сеніміміз әрдайым берік. Акцияға осындай азаматтық ұстанымымды білдіруге келдім. Барлығымыздың да Елбасы сайлауға қатысса екен деген ой-мақсатымыздың көңілден шыққанына қуанып тұрмын, – деді Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің оқу озаты Азами Расулова. Онымен бірге, флеш-мобты ұйым­дастыруға белсене қатысушы қалалық жастар «Мемлекеттік қызмет мектебі» жетекшісі Радик Қадылбеков «Қазақстанымыздың одан әрі өркендеуі мен дамуын Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаев қана атқара алатынына көзіміз жетіп келеді. «Халық қатесіз сыншы» дегендей сайлауда таңдау дұрыс болуына сенеміз. Біздің басты мақсатымыз – үлгілі еңбек ету арқылы ел игілігін арттыру. Отанымыздың жарқын болашағын Елбасымен бірге жасауға дайынбыз. Бұл шарада соны таныттық, – деп құрбы-құрдастары ой-байламдарын білдірді. Флеш-мобқа қатысушылар жастар мұраты бірлігінен көріністер қойып, өнер көрсетті. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.

«Біз орынды шешімді қолдаймыз!»

Қостанай қаласындағы «Достық үйі» алдына жиналған жас­тар қолына түрлі-түсті гүлдер, алқызыл ленталар ұстап, флэш-моб өткізді. Жастық бәйшешектей сұлу еді. Көктем мен қыстың айқасындай өткір жел де, қардың кетпеген аязы да жастардың түрлі ұлттар әуені ырғағымен билеуіне кедергі бола алмады. Осылай Қостанай жастары орталық алаңға шығып, «Нұр Отан» партиясы ХVІ съезінің шешімдеріне қолдау білдірді. «Алға, Қазақстан!», «Гүлдене бер, Қазақстан!», «Біз «Нұр Отан» партиясы съезінің шешімдерін қолдаймыз!» деген дауыстар жарқын шығады. Флэш-мобты облыстағы «Ел ертеңі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. – Қазақстан үшін басты байлық бар. Ол – қазақ халқымен бірге кең даламызды жайлап, бір атаның балаларындай бір құдықтан су ішіп, бір ауаны жұтып отырған түрлі ұлыс өкілдерінің жұдырықтай жұмылған достығы, бірлігі! «Нұр Отан» – еліміздің бірлігін арттыруда, экономиканың алға басуына көп ықпал етіп отырған жетекші партия. Оның ХVІ съезі еліміздің жарқын болашағы үшін маңызды шешім жасады. Біз оны қолдайтынымызды қостанайлықтарға осылай білдіргіміз келді, – дейді жастардың «Ел ертеңі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Болат Қалиев. Флэш-мобты қызықтауға көптеген қостанайлықтар жиналды. – Жастардың бұл қолдауы өте орынды. Елдегі маңызды өзгерістерге, саяси қадамдарға жастар қолдау білдіруі, қатысуы керек! Бүгінгі істің барлығы да болашақ үшін жасалып жатыр. Жастар лапылдап жанбаса, жастықтың оты болмаса, Қазақстанды әлемге кім танытпақ?! – деді белгілі мәдениет қызметкері Шамиль Фахрутдинов. Айналаны көңілді әнмен бірге жастардың жарқын даусы кернеп тұрды. Бұлтсыз, көк зеңгір тұнық аспан жастар флэш-моб өткізген алаңға төңкеріліп тұрғандай. Қазақстанның қылаусыз бейбіт аспаны! Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.

Ақ тілек

«Нұр Отан» партиясының ХVІ съезі жұмысын аяқтасымен 1000-нан астам жастар Көкшетаудағы Достық үйінің алаңында съезд делегаттарының Қазақстан Республикасы Президент­тігіне үміткері ретінде партия жетекшісі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасын ұсыну туралы шешімін қолдап, флеш-моб өткізді. Бұл саяси шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақмола облыстық жастар қанаты, жастар ұйымдарының өкілдері, ЖОО студенттері, колледждер мен кәсіби мектептердің оқушылары қатысты. Жас ұрпақ белсенділері өз елі­нің барлық жетістіктерін іс бары­сындағы Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыс­тыратындықтарын мәлімдеді. Ел­басы­ның халық алдындағы жеке жауап­кершілігінің арқасында Қазақстан бүгінде әлем қауымдастығы мойындаған бейбіт әрі тұрақты мемлекетке айналды. Мемлекет басшысы өзінің Президент болып тағайындалған алғашқы күнінен бастап жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екендігін айқындап, оны нақты істермен жүзеге асырып келеді. Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қазақстанда жастар саясаты бойынша заңнамалық құжаттардың тұжырымдамалық базасы қалыптасып, ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңы, «Қазақстан-2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. «Жастар іс-тәжірибесі», «Жасыл ел», «Бизнестің жол картасы-2020», «Дипломмен – ауылға!», «Болашақ», «Серпін», «Қолжетімді бас­пана» бағдарламалары мен жобалары шуақты жемісін төгуде. Митингте сөз алған облыстық жас­тар ресурстық орталығының директоры Тимур Ысқақов, татар мәдени орталығы жастар қанатының белсендісі Рамиль Дусумов, шығармашылық жас­тар өкілдері Олжас Сабижанов, Сәуле Кәрімжанова, Алтынбек Бектемір және басқалары Ақмола жастары өздерінің болашаққа деген үміттерін Елбасының атымен ғана байланыстыратынын айтты. Достық үйінің алаңы митингке қатысушылардың «Тек Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында ғана Қазақстан сәттіліктерге қол жеткізіп, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылады», деген жалынды сөздерімен жаңғырып тұрды. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы. Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Маңғыстаулық өрендер өнегесі

«Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың сәуір айындағы кезектен тыс президент сайлау­ына қатысуға келісімін беруі маңғыстаулық жастар тарапынан қолдау тапты. Осыған орай, Маңғыстау облысының жастар саясаты басқармасының бастамасымен екі мыңға жуық адам қатысқан арнайы флеш-моб ұйымдастырылды. Теңіз жағасындағы алаңда өткен акцияға қатысушылар түрлі оқу орындарының студенттері мен еңбек майданына араласқан жас мамандар, сондай-ақ, жасотандықтар және жастар қозғалысының белсенділері. Қолдарына «Маңғыстау қолдайды» деген жазуларды көтерген жастар патриоттық әндерді шырқады. Ақтаудағы акцияға арнайы келген жаңаөзендік жас рэперлер Президентке жастардың атынан рэп оқыса, жас спортшылар көше спортының түрлері бойынша шеберлік сыныптарын өткізіп, скейтборд, воркаут және тағы басқа спорт түрлерінен өнерлерін көрсетті. Жастар жиылып, Елбасына қолдау білдірген жиын барысында «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері үгіт-насихат жұмыстарымен айналысатын еріктілерді тіркейтін мобильді пункт ашса, граффитисттер қазақстандықтарға арналған құттықтау ашық хатын салды. Елбасын қолдауға дайын екендіктерін көрсеткен жастардың атынан сөз алған Маңғыстау облысындағы «Жас Отан» жастар қанатының өкілі Мұқаш Оралбаев «Біз Нұрсұлтан Әбішұлының 26 сәуірде болатын сайлауға қатысатынына өте қуаныштымыз. Маңғыстау жастары Елбасымызға қолдау көрсету үшін бар күшімізді жұмылдырамыз» десе, «Ірі кәсіпорындардағы жас мамандар кеңесі тікелей Елбасы бастамасымен құрылды. Сондықтан жастар Президентке риза. Бүгінгі акцияға сәуір айында өтетін Президент сайлауына кандидатурасын ұсынған Нұрсұлтан Әбішұлын ұжымымыздың атынан қолдау үшін келдік, дейді «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ жас мамандар кеңесінің өкілі Ғани Абдысалықов. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы. Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ.

Сыр түлектері Елбасымен бірге

Қызылорда облысының белсенді жастар ұйымдарының бастауымен­ орталық алаңда флэш-моб өтті. Шара­ның негізгі мақсаты – жастарға сайлаудың маңыздылығын жеткізіп, Президент сайлауына «Нұр Отан» партиясы атынан Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасының ұсынылуын қол­дау болатын. Сонымен қатар, жаңа қазақ­стандық патриотизмді, ұлттық рухты қалыптастыру, егеменді еліміздің қол жеткізген жетістіктерін дәріптеу, өскелең ұрпақты Отанын, елін, жерін сүюге үгіттеуді де көздеген. Флэш-мобқа белсенді жастар ұйым­дарының жетекшілері, ерікті жастар,­ жас­тар комитеттері мен жастар парламентінің депутаттары барлығы 500-дей адам қатысты. Жастар алдында сөз алған «Жас Отан» жастар қанаты Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы Әлішер Кардашов Президент сайлауында әркімнің азаматтық позициясын таныту ел тарихы үшін маңызды екенін және үлкен жауапкершілік жүктейтінін ерекше атап өтті. Осы күні қызылордалық жастардың тағы бір бөлігі «Small» сауда орталы­ғында «Менің елім – Мәңгілік ел!» атты флэш-моб өткізді. Бұл да келешек ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, тәуелсіз Қазақстанды мақтанышпен жырлап, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысын насихаттауды көздеген шара болды. Флэш-мобқа қатысушылар «l love Kazakhstan», «Мәңгілік Ел», «I love KZ» секілді көрнекі құралдар мен жалаушалар ұстап, туған елінің тұғырлы, тәуелсіздіктің ғұмырлы болуына атсалысатындарын білдірді. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.

Өр Алтайдан естілген өр дауыс

Шығыс өңірінің жастары «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде қабылданған шешімге бірауыздан қолдау көрсетті. Абай ескерткішінің алдында өткен «Бір толқында» акциясына облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ынтымақ-Содружество» жастар қанаты, Достық үйі мен этномәдени бірлестіктердің белсенді жастары ұйытқы болды. Кезектен тыс президенттік сайлауға Н.Назарбаевтың кандидатурасын ұсыну туралы съезд шешімін қуаттаған жиынға Өскемен қаласының студент және жұмысшы жас­тарынан құралған 5 мыңға жуық адам қатысты. Акция барысында ағайынды Абдул­линдер атындағы колледждің студенті Алпыс Жақиянов: – Бұйырып барлығыңа адал нәсіп, Кетпесін бәзбіреулер араңды ашып, «Нұрлы Жол» баршамызға нұрын төгіп, Жасасын Қазақстан, алға қадам басып! – деп өзі жазған жыр жолдарын шабыттана оқыса, Әзербайжан этномәдени бірлестігінің өкілі Жамаладдин Әскер Елбасының ұлтаралық келісім саясатының арқасында өңірдегі барша ұлт пен ұлыс өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқанын ерекше атап өтіп, съезд шешімін қолдайтындығын жеткізді. – Мен тәуелсіз Қазақ елінде туып-өс­тім. Өз Отанымды, қазақ тілі мен мәдениетін жанымдай жақсы көремін. «Нұр Отан» партиясының шешімі – достық пен татулықтың шешімі, – деді өз кезегінде С.Аманжолов атындағы ШҚМУ филология факультетінің студенті Юлия Миронова. Сондай-ақ, акцияға қатысушыларға ұлттық ою-өрнекпен әдіптелген лента таратылды. Облыстық ішкі саясат басқармасы жастар бөлімінің жетекшісі Жасұлан Сәрсебаевтың айтуынша, көгілдір таспа – еліміздің тәуелсіздігі мен қазақстандықтардың тонның ішкі бауындай бірлігінің нышаны іспетті. Ал Өскемендегі «АЗИЯ АВТО»  авто­­за­у­ытының жастары съезд шешімін қолдау мақсатында автошеру ұйымдастырды. Отандық су жаңа автокөліктерге мінген олар көк байрақты желбіретіп, қаланың тұрғындар ең көп жүретін орындарына аялдап, ұлттық нақыштағы ленталарды үлестірді. Акция шеңберінде шығысқазақ­стан­дық жастар патриоттық әндер шырқап, би билеп, флэш-моб өткізді. Сондай-ақ, «Бір толқында» акциясы аясында Семей, Риддер және Зырян қалаларында автошеру өтті. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы. Суретті түсірген Есімхан ОРЫНБАЕВ.